Атырау ТЖД жер сілкінісі туралы ақпаратты жоққа шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі жер сілкінісі жөніндегі мәліметті теріске шығарды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен брифинг өтті. Департамент басшысының орынбасары Замир Бердашевтің айтуы бойынша, 3 сәуір күнгі Атырау облысы аумағындағы магнитудасы 3,45mb жер сілкінісі болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Біз күні кеше ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы » АҚ-нан мәлімет алған болатынбыз.
Атырау облысы аумағы бойынша көрсетілген межедегі жер сілкінісі болмағанын, аумақта ешқандай жер дүмпуі тіркелмегенін мәлімдеді. Біз күнделікті ҚР ТЖК, көршілес РФ Астрахань облысының сейсмологиялық жағдайы жөнінде мәлімет алып отырамыз. Алайда, «Геофизикалық зерттеулер институты » РМК келтірген мәлімет бізге түскен жоқ, - дейді Замир Бердашев.
Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша сейсмологиялық қауіпті аймақ болып - Атырау қаласы, Аққыстау селосы, Махамбет және Индер ауданы болып табылады.
Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық деректер орталығы 2018 жылдың 3 сәуірінде Астана уақытымен 15 сағат 11 минутта Атырау облысында жер сілкінді деп хабарлаған болатын.