Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссиялары Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда - Есеп комитеті

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат - 2007 жылғы қыркүйектен бастап Атырау және Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының тексеру комиссиялары бірде-бір бақылау шарасын өткізбеген,
None
None

деп хабарлады Есеп комитетінің баспасөз қызметінен.

Жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізілмеген. Атырау және Батыс Қазақстан облыстық әкімдіктері алған нысаналы трансферттердің, бюджеттік кредиттер мен мемлекет активтерінің жұмсалу тиімділігіне кәсіби бағалауды жүзеге асырмаған.

«Құпиялылық» стандартының талаптары бұзылған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Зеленовский ауданының, Атырау облысы Махамбет ауданының мәслихаттарының тексеру комиссияларында бақылаудың қорытындысы бойынша материалдар тексеру комиссиялары төрағаларының кабинеттерінде сақталып келген. Ақпаратқа, соның ішінде бақылау объектісінің коммерциялық және басқа да құпиясын қамтитын мәліметтерге қол жеткізуге шектеу қою жөнінде шаралар қабылданбаған. Есеп формальды түрде жүргізіліп отырған.

«Құзыреттілік» стандартының талаптары сақталмаған. Тексеру комиссияларының мүшесі болып сайланған адамдардың көп жағдайда бақылау-тексеру жұмысы саласында тәжірибесі болмаған. Атырау қалалық мәслихатының тексеру комиссиясы төрағасының лауазымы 2008 жылғы сәуірден бері бос тұр.

«Жоспарлау» стандартының талаптары сақтала бермеген. Мысалы, 2008-2009 жылдары Орал қаласы мәслихатының тексеру комиссиясы белгіленген тәртіппен бекітілген бақылау бағдарламалары мен жеке жұмыс жоспарларынсыз 52 бақылау шарасын өткізген. Нәтижесінде бақылау актілері сапасыз дайындалған және қандай да бір бағалау фактілерін өзінде қамти алмаған.

Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссияларының қызметі экономикалық нәтиже бермей отырғанын атап өтуге болады. Мысалы, 2008-2009 жылдары Атырау облысы Махамбет аудандық мәслихатының тексеру комиссиясы 68 мың теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықтаған. Ал осы кезең ішінде тек қана мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасына 1,8 миллион теңге мөлшерінде жалақы төленген.

Есеп комитеті Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының тексеру комиссияларына Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ жергілікті бюджеттер қаражатының пайдалануына тиімді сыртқы бақылауды қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар, жұмысты тиісті түрде ұйымдастырмаған Атырау және Батыс Қазақстан облыстары тексеру комиссиялары төрағаларының тәртіптік жауапкершілігін мәслихаттың сессиясында қарау жөнінде ұсыныс берілді.

Мәслихаттардың тексеру комиссиялары - жергілікті деңгейдегі сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары.

Соңғы жаңалықтар