15:47, 16 Наурыз 2016 | GMT +5
«Атырау Жарық» АҚ тоқ соққан баланы Түркияда емдеуге жұмсалған шығынды өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау қалалық сотына талап қоюшы К. талап арызбен жүгініп, кәмелет жасына толмаған баласының «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлерінің жауапсыздығынан тоқ соғу салдарынан, денсаулығына зақым келгенін көрсетіп, өздерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қараған «Атырау Жарық» АҚ-дан материалдық шығынды өндіруді сұраған.

2014 жылғы 19 сәуірде К.-ның кәмелет жасқа толмаған ұлы қоршалмаған кіші электр стансасының аумағында электр тоғы соғуының салдарынан, ауыр күйіктерімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін оның екі қолына ампутация жасауға мәжбүр болды.
Баланың ата-анасы қазіргі заманғы медициналық көмек көрсету үшін Түркияның Стамбұл қаласындағы «MEDICAREINTERNATIONAL» медициналық орталығына жүгінген. Талап қоюшы К.-ның ұсынған дәлелдемелеріне сәйкес баланы шетелде емдеу шығыны 142 600 АҚШ долларын құраған.
Сот істің барлық мән-жайын зерделеп, жауапкер «Атырау Жарық» АҚ-дан К.-ның пайдасына баланы емдеуге жұмсалған шығын 17 549 703 теңгені өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.