«Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ мен облыстық әкімдік «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Жобаға облыстық әкімдік 1 млрд теңге, ал банк 600 млн теңге бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысының тұрғындарына «Атырау жастары» бағдарламасы 31 қазан – халықаралық Жинақтау күні аясында таныстырылды. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ-ның бірлескен жобасы 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Мақсаты – жастардың барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуына жол ашу. Аталмыш бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала мен коммуналдық кәсіпорында жұмыс істейтіндер, сондай-ақ, жетім балалар санатымен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі екіжақты келісімге Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи мен «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман қол қойды.
«Біздің банктің ұстанатын басты мақсаты – қазақстандықтарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету. Жаңадан іске қосылатын «Атырау жастары» бағдарламасы табысы жоғары емес жастардың баспана мәселесін оң шешуге бағытталып отыр. Өйткені, жастар да пәтер алғысы келеді. Сол мақсатта Отбасы банкіндегі шоттарына қаражат жинап жүргенін білеміз. Алайда, тұрғын үй сатып алуға барлығының бірдей мүмкіндігі жете бермейді. Ал, жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған соң жастардың бұл арманы жақын арада жүзеге аса бастайды. Бұл жобаға облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал, Отбасы банк 600 млн теңге бөледі», -деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман.
Оның айтуынша, Атырау облысы – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы қолға алынған жетінші өңір. Бұған дейін дәл осындай жоба Алматы мен Астана қаласында, Қарағанды, Тараз, Қостанай және Алматы облыстарында жүзеге асырылған. Қазір облыс әкімдіктері мен «Отбасы банк» АҚ-ның жастардың несие алуына жұмсаған ортақ бюджетінің көлемі 60 млрд теңгеден асып отыр.

Ал, «Атырау жастары» бағдарламасына қатысатын әлеуетті несие алушылардың тізімін жергілікті әкімдік ұсынады. Әкімдік бағдарламаға қатысу үшін өтінішті қабылдау және байқау кезеңін дайындап жатыр.
«Бағдарламаға қатысушылар пулы құрылады. Содан соң қатысушыларға Отбасы банк арқылы тұрғын үй заемін алуға жолдама ұсынылады. Үміткерлер өздерінің төлем қабілеттілігін растағаннан кейін жылдық 5 пайызбен заем алады. Мұнда алғашқы жарна 10 пайыз ғана болады. Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең көп сомасы – 18 млн теңге. Бұл қаржы Атырау қаласынан үй сатып алушыларға беріледі. Ал, Атырау облысының аумағынан баспана сатып алу үшін 13 млн теңгеге дейін несие беру көзделіп отыр. Несие мерзімі – 25 жыл», -дейді Нұрбол Құрман.
«Отбасы банк» АҚ – елімізде қаржы жинақтау үрдісін енгізіп, тұрғындардың жайлы баспана сатып алуына мүмкіндік берген бірден-бір қаржы институты. Қазір 2,4 млн қазақстандық болашақта баспаналы болуы үшін аталған банкте ашқан шотына қаражат жинау үстінде. Осы уақытта салымшылардың шоттарында жалпы көлемі 2 трлн теңге жинақталған. Банкте күніне 2 мыңға жуық жаңа депозит ашылады. Бастапқы жарнаға қаражат жинап жүрген салымшылар «Отбасы банк» АҚ-дан жылдық 3,5%-дан 11,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, биыл бұл мүмкіндікті 68 721 адам пайдаланып, жайлы баспанаға қол жеткізді. Банк клиенттеріне орташа есеппен күніне 410 несие беріледі.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір Атырау облысында 668 090 адам тұрады. Тек биылғы жылдың өзінде олардың 86 мыңға жуығы Отбасы банкінен депозит ашып, 8 мыңнан астамы несие алған.
«Атырау жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын бірнеше талап бар. Біріншіден, өтінім берген кезде қатысушының жасы 35-тен аспауы керек. Екіншіден, қатысушының Атырау облысында немесе Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл тұрақты тіркеуі және өтініш берген кезде өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау облысында тіркеуі болуы тиіс. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің жоқтығы ескеріледі. Төртіншіден, Атырау қаласында немесе Атырау облысында таңдаған мамандығы бойынша ресми жұмыс өтілі болғаны жөн. Бесіншіден, бағдарламаға ерлі-зайыпты жастардың біреуі ғана қатыса алады.

Депозиттерінде қаражат жинақтап жүрген банк салымшылары жақын арада мемлекеттен қомақты көмек – 20 пайыздық сыйлықақыға қол жеткізе алады. Сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 612 600 теңгеден аспайтын жинақ сомасына қосылады. Ақшалай есептегенде, мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары сомасы 2022 жылдың соңында 122 520 теңгеге тең.