«Атырау жылу желілері» инвестициялық шығындарға қағазды көшірмеден өткізу мен факс құнында қосып қойған
Тариф бағасына келетін болсақ, келесі айдан бастап аймақ халқы үшін жылу бағасы 28 пайызға артады. Ал заңды тұлғалар үшін бұл баға 52 пайызға жоғарыламақ.
Бағаның бұлай бірден шарықтауын түсіндірген монополияға қарсы мекеме Атырау жылу желі компаниясының инвестициялық бағдарламасын алға тартты.
Алайда монополияға қарсы ведомствоның өзі бекітіп берген монополистің инвестициялық бағдарламасы бойынша жоспарланған жұмыстардың шығынына қатысты көптеген сұрақтар туындайды. Бағдарламада аң-таң болатын пункттер де бар. Мысалы, 1 желтоқсаннан бастап Атырау халқы жоғары бағамен төлейтін жылу бағасына жылу беретін компанияның қағазды көшірмеден өткізу мен қағазды факс арқылы жіберу құны да қосылып қойған, мекеме бұл жұмыстар үшін 119 мың теңге жұмсамақ екен. Сонымен қатар Атырау жылу желісінің газеттерге беретін жарнама шығыны 1 млн. 53 мың теңге. Жалпы айтқанда, монополист жергілікті БАҚ арқылы қала азаматтарын бағаның әділетті екеніне сендірмек. Бұл жарнамаларға кеткен ақшаны да монополист халық қалтасынан төлейді.