«Атыраубалық» АҚ-ны қайта құру үшін 8-9 млрд. теңге қажет - облыс әкімінің орынбасары

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов хабарлады. Оның айтуынша, аталмыш кәсіпорын біраздан бері шығынды болып келді. 2010 жылғы мамырдың 1-іне несиелік қарыз 1,3 миллиард теңге болып отыр, шығын - 109 миллион теңге. 307 миллион теңгелік банктік қарызы тағы бар. Қазіргі уақытта Атырау облыстық әкімдігі «Атыраубалық» АҚ мүліктік кешенін мемлекеттің меншігіне қайтару шараларын жүзеге асыруда.
Шығынды кәсіпорынды сатып алу мемлекетке қаншама сомаға түсетінін Б.Дәукенов келіссөздердің әлі аяқталмағаны сілтеме жасап, хабарлаған жоқ.
Соған қарамастан, кәсіпорынды қайта құрудың кешенді шаралары дайын. Б.Дәукеновтың сөзіне сенсек, кәсіпорын толықтай мемлекет меншігіне өткеннен кейін, «Атыраубалық» базасында «Жайықбалық» КМК құрылмақ. Балықты аулау мен өндіруді 3,8 мың тоннадан жылына 15 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда. Жылына 5 миллион қалбыр шығаратын зауыт құрылып, тұздалған, қақталған және кептірілген балық шығаратын цехтар іске қосылады. Өнімдердің түрлері мен экспорты көбейеді. Сонымен қатар, жұмысшылар саны 700-ден 2,5 мың адамға дейін өседі. Өзге Каспий маңы елдері секілді теңіз балығын аулауды ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Балықтың тауарлық өндірілуі де дамытылады.
Кәсіпорынды қайта құруға қажетті қаржының көлемі - 8-9 миллиард теңге.