Атырауда 1,5 жасар сәби көлік салонында кілттеніп қалған
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиғаға қатысты бүгін, 25 тамыз күні сағат 08:28-де шақырту түскен.
«Құтқарушыларды шақырту Атырау қаласының Геолог шағынауданындағы Б.Ермұханов көшесінің тұрғынынан түсті. Шақырту орнына жедел жеткен құтқарушылар 1,5 жастағы баланың автокөліктің ішінде кілттеніп қалғанын анықтады», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Баланың анасы көліктің кілтін салонда қалдырған. Көлікте отырған сәби есіктің іштен жабылатын тетігін басып, кері аша алмай қалған.
Құтқарушылар көліктің есігін авариялық-құтқару құралдарының көмегімен ашты. Бала аман-есен анасына тапсырылды. Денсаулығы жақсы болғандықтан, медициналық көмекті қажет етпеді.
«Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды сақ болуға, балаларды автокөлікте жалғыз қалдырмауға және кілтті көлік ішінде қалдырмауға шақырады. Оқыс оқиғаға тап болған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет», - деді ведомстводан.