Атырауда 100-ден астам балаға «Наурыз-қоржын» сыйлығы беріліп, анимациялық қойылым көрсетілді

«Достық» үйінде өткен Наурыз мерекесіне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, балаларды құттықтады.
«Балалар – біздің жарқын болашағымыз. Олардың алаңсыз білім алуына, денсаулығының мықты болып, әлеуметтік тұрғыдан қиындық көрмегенін қалаймыз. Биылғы «Балалар жылына» орай бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Балаларымыздың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жалғаса береді», -деді Махамбет Досмұхамбетов.
Мерекелік іс-шарада 100-ден астам балаға «Наурыз-қоржын» сыйлығы берілді. Балалар анимациялық қойылымдарды тамашалады.
Киіз үйде ыстық бауырсақ пен Наурыз көже таратылды. Өзге этнос өкілдерінің ұлттық тағам, қолөнер бұйымдары қойылған жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеден түскен қаржы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар қоғамдық көлікте тегін қатынап жүргенін жазған болатынбыз.