Атырауда «103» нөміріне қоңырау шалу уақытша тоқтатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 103 нөміріне қоңырау шалу уақытша тоқтатылды. Бұған техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда «103» нөміріне қоңырау шалу уақытша тоқтатылды

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көмек» автоматтандырылған жүйесіндегі ақауларға байланысты «103» пультіне қоңырау шалу уақытша мүмкін емес.

«Бүгін, 28 желтоқсан күні таңғы 08:00-ден бастап техникалық ақауларға байланысты «103» нөмірі қоңырау қабылдай алмайды. Қысқа мерзімде жүйенің барлық техникалық кемшілігі жойылады. Содан соң «103» қызметі қалыпты режимде жұмыс істейтін болады», - деді басқарманың баспасөз қызметінен.

Атырау облысының тұрғындары желідегі техникалық ақауға байланысты уақытша 95-67-72, 95-67-67, 51-94-64 және 30-63-00 телефон нөмірлеріне хабарласа алады.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырауда жедел жәрдем стансасына 20 жаңа көлік берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жаңа жедел жәрдем көліктері санитарлық көлік паркін жаңартуға байланысты Жол картасын орындау мақсатында алынған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, халықтың өмірін сақтауда үлкен ықпалы тиетін жедел жәрдем қызметінің жеделдігін арттырудың маңызы зор. Облыстық жедел жәрдем қызметінің жаңа көліктермен толығуы аталған станса бригадаларының жеделдігін арттырады», - дейді Жасұлан Бисембиев.

Қазір облыстық жедел жәрдем стансасының балансында 65 қызметтік көлік бар. Ал жаңадан берілген заманауи автокөліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.