Атырауда 11 мектеп үш ауысымда оқытуды жалғастырады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 11 мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытуды жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкіннің айтуынша, орын тапшылығының салдарынан үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп әлі жойылған жоқ.

«Облыс орталығындағы тұрғындар арасында демографиялық өсім байқалып отыр. Қалаға көшіп келушілер де бар. Осындай себептер оқушылар санын арттырып, білім беру саласына салмақ түсіруде. Жақында арнайы тексерудің қорытындысымен Атырау қаласындағы Ы.Алтынсарин, М.Ломоносов және С.Мұқанов атындағы орта мектеп апатты деп танылды. Өткен оқу жылындағыдай биыл да 11 мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытуды жалғастырады. Бұл мәселе жаңа мектептерді пайдалануға беру арқылы шешілетін болады», - дейді Шәкір Кейкін.

Қалалық білім басқармасының басшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 7 844 оқушы қабылданған. Шаһардағы мектептерге 1-11 сыныптарға қосымша сұраныс бойынша 217 503 дана оқулық сатып алынған. Тұрмысы төмен, көпбалалы 8 409 отбасындағы әр балаға 41 мың теңгенің қаржылай көмегі көрсетілген.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаевтың дерегіне қарағанда, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіші 29,6 пайызға өскен.

«Біз балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін басты назарда ұстап отырмыз. Оқушылардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті көңіл күйі, араласу ортасы, сабаққа ынтасы сынып жетекшілеріне мәлім. Сол себептен сынып жетекшілерінен келеңсіз оқиғалар мен күмәнді әрекеттер байқалса, мектеп инспекторына хабар беруін сұраймыз. Бұл мектеп оқушыларының зардап шекпеуіне, зорлық-зомбылыққа ұшырамауына әсер етеді», - деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бірнеше мектептің оқушылары жөндеу жұмысына байланысты өзге білім ордасында оқитынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар