Атырауда 16 жасар бозбала нөмірі жасырылған көлікті жүргізген

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, патрульдік полиция қызметкерлері 4 қаңтарда Владимирский-Луговой көшелерінің қиылысында мемлекеттік нөмірі медициналық маскамен жасырылған «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан.
«Тексеру кезінде бұл көлікті 16 жасар жасөспірім жүргізгені анықталды. Жасөспірімге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 590-бабының 4-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Іс құжаттары сотқа жолданып, автокөлік айып тұрағына қойылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, жасөспірімге аталған кодекстің 612-бабының 4-бөлімімен 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал, оның ата-анасына осы құжаттың 442-бабының 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілген.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында кәмелет жасына толмаған жасөспірім көлік жүргізгенін жазған болатынбыз.