12:51, 13 Ақпан 2013 | GMT +5
Атырауда 2 адамды өлтіріп, өртеп жіберген күдіктілер ұсталды - ҚР ІІМ
АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері Атырау облыстық ІІД полицейлерімен бірлесе отырып, екі адамды өлтірді деген күдікпен аталған қаланың екі тұрғынын тұтқындады.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпан айының басында қала шетінде салынып жатқан үйдің жертөлесінен 38 жастағы қарауыл мен 37 жастағы жұмысшының жартылай жанып кеткен мәйіттері табылған.
Тергеу амалдарын жүргізу барысында, ұсталған азаматтар мен жәбірленушілер қала сыртында салынып жатқан коттеджде жұмыс жасап әрі сол жерде тұрып жатқандары анықталды. Сол күні спирттік ішімдік ішу барысында араларында жанжал туындаған көрінеді. Ұрыс-керістің аяғы екі азаматтың өліміне әкеліп соққан. Күдіктілер қылмыстың ізін жасыру мақсатында жәбірленушілерді өртеп, коттедж жертөлесіне көміп тастаған. Екі және одан да көп кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу амалдары жалғасуда.