Атырауда 2018 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасының 42 жастағы азаматына Ресейде халықаралық іздеу салынған.
«Бүгін, 19 маусымда Атырау облысы аумағында «Заңсыз келуші-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шараның мақсаты – заңсыз көші-қон фактілерін, ел аумағынан шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтау. Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері 2018 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының 1981 жылғы азаматын ұстады. Шетелдік 2023 жылдың 3 маусымында Қазақстан шекарасынан өткен. Атырау қалалық көші-қон қызметі бөліміне жұмысқа орналасу үшін құжат тапсыруға келген. Полиция қызметкерлері шетел азаматының жеке басын жан-жақты тексеру кезінде халықаралық іздеудегі күдікті екенін анықтады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, Өзбекстан Республикасының азаматына 2018 жылы Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің 322-бабының 1-бөлігімен халықаралық іздеу жарияланған. Қазір аталған факті бойынша қылмыскер ұсталып, криминалдық полиция басқармасына тапсырылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау полициясы 60 адамға іздеу жариялағанын хабарлаған едік.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының ақпаратына қарағанда, 19 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Сондай-ақ, қылмыс жасаған 41 адамға іздеу жарияланып отыр. Қылмыс жасады деген күдікке ілінгендердің дені – ер адам. Арасында екі әйел бар.