Атырауда 24 жастағы ауыл тұрғыны мектептен ноутбук ұрлап келген
Облыстық полиция департаментінң мәліметінше, Құрманғазы аудандық полиция бөліміне мектеп директорынан ұрлық дерегі жөнінде арыз түскен.
«Директордың арызында мамыр-тамыз айлары аралығында мектептен 2 дана «ACER» ноутбугі мен 1 дана проектор құрылғысы ұрланғаны айтылған. Полиция қызметкерлері осы дерекке қатысты тексеру іс-шарасын жүргізіп, мектептің техникалық құралдарын жымқырған күдіктіні анықтады. Күдікті 1996 жылы туған азамат болып шықты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Күдіктіге «ешқайда кетпеу» шарасы санкцияланып, айғақ заттар тәркіленіп алынды.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір күнде интернет алаяқтыққа қатысты 8 қылмыс ашылған болатын.