Атырауда 4 жасар баланы көлік қағып кетті

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы бүгін, 20 қазанда болған. Бұл туралы 103 пультіне жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында хабар түскен.
«Бүгін Атырау қаласының С.Шөреев көшесіндегі №81 үйдің тұсында көлік 4 жасар баланы қағып кетті. Жол-көлік оқиғасына қатысы бар Hyundai Santa Fe маркалы автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Оқиға орнына шақыртылған жедел медициналық жәрдем бригадасының көлігімен зардап шеккен балақай облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір зардап шеккен 2018 жылы туған бала аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың миы шайқалған. Денесінде жарақаты бар.
Ал, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасын жасаған көлік жүргізушісіне қатысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көлік қаққан 11 жасар жасөспірім көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Жасөспірімді 73 жастағы жүргізуші Toyota Prado көлігімен қағып кеткен.
Кейін Атырауда жеңіл көлік автобуспен соғылып, жүргізуші көз жұмды. Skoda маркалы автокөлікті басқарған 1966 жылғы жүргізушісі қоғамдық көлікке жол бермеген. Соның салдарынан автобуспен соқтығысқан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды.