Атырауда 6 айда есірткіні заңсыз сату, тарату қылмысымен 30 адам сотталды

Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сотталғандардың арасында 18 жастағы бойжеткен мен 20 жастағы жас жігіт бар.
«Есірткі мен психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде тарату – 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтыратын аса ауыр қылмыс. Ал синтетикалық заттардың салмағы 1 грамнан асса, ірі мөлшер болып саналады. Атырау облысында биылғы 6 айда есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін 30 адам сотталды. Оның ішінде 21 адам есірткіні заңсыз таратып келген. Мәселен, сот үкімімен 18 жастағы жас қыз синтетикалық есірткіні таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны мұндай қылмыстық әрекетке 20 жастағы жігіті тартқан. Сол себептен жас жігітке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, әсіресе, жастардың мұндай қылмыстарды жеңіл жолмен мол ақша табу үшін жасайтыны анықталған.
«Бірақ жастар есірткі сатумен айналысқан кездегі іс-әрекетінің ауырлығын, бұл қылмыстың қандай салдары болуы мүмкін екенін ескермейді. Сондықтан азаматтарға мұқият болу, жеңіл пайдаға берілмеу және күдікті әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертеміз», – деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға өзге өңірден келіп, есірткі сатқан екі адам 7 және 10 жылға сотталғанын жазған едік.