Атырауда 6 жасар қыз 5-қабаттан құлап, аурухананың жансақтау бөліміне түсті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 6 жасар бала 5-қабаттан құлап, аурухананың жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға Атырау қаласында болған.

«Кеше, 13 тамызда жергілікті уақытпен сағат 22:00 шамасында 6 жасар қыздың Атырау қаласының Вокзал маңы-3а шағынауданындағы тұрғын үйдің 5-қабатынан құлағаны туралы хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері оқиға орнына жедел жетіп, 6 жасар қыздың үйде қараусыз қалғанын анықтады. Зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы ауыр. Қазір облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Төтеншеліктер өткен аптада 65 рет шақыртуға барған. Оның ішінде 8 өрт дерегі бар. Жану туралы 32 шақырту түскен. Авариялық құтқаруға байланысты 4, іздестіру жұмыстарына қатысты 8 дерек тіркелген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері терезеден 5 бала құлап, екеуі мерт болғанын хабарлаған едік.

Биылғы жыл басынан бері облыста осындай 5 дерек тіркелген. Оның ішінде 2 бала көз жұмды.

Облыстық департаментке қарасты төтенше жағдайлардардың алдын алу бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ербол Ғабитовтың айтуынша, баланың қауіпсіздігі үшін бірнеше кеңеске назар аудару керек.

«Балалардың өз бетімен балконға шығуына рұқсат бермеген дұрыс. Терезе жақтауының тұсына жиһаз қоюға болмайды. Ең қауіптісі – москитты тор. Бала оған сүйенген кезде тормен бірге құлап кетуі мүмкін. Ең бастысы, баланы үйде жалғыз қалдырмау қажет», -дейді Ербол Ғабитов.


Соңғы жаңалықтар