Атырауда 82 млн. теңгенің ұрланған мұнайы анықталды

«Ілеспе құжаттарға сәйкес, мұнай «Қазақмыс Петролиум» ЖШС-нің мұнай пайдаланушысының иелігіндегі кен орнынан алынған. Шикізатты жіберушілер ретінде екі жекеменшік компания, жүк қабылдаушы - жауапкершілігі шектеулі серіктестік белгіленген. Тексеріс барысында жер қойнауын пайдаланушының аталған компаниялармен келісім-шарттарды жасаспағаны, ал ұсынылған құжаттарда жалғандық белгілері бар екені анықталды», - деп хабарлады қаржы полициясының баспасөз қызметінен.
Сот-тауартанушылық сараптаманың қорытындыларына сәйкес, көлемі 686,47 тоннаны құраған мұнайдың жалпы бағасы 82 млн. теңгеден асады.
«Қаржы полициясының департаменті аталған фактімен компаниялардың басшыларына қатысты ҚР ҚК-нің 183-1 бабының 1 бөлімімен қарастырылған қылмыстық істі қозғады. Қазіргі кезде қылмыстық іс тергелу үстінде. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін таратылмайды», - деп мәлім етті қаржы полициясының баспасөз қызметінен.