Атырауда 9-қабаттың балконында жалғыз жүрген екі жасар бала құтқарылды
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бүгін, 4 маусымда сағат 17:00 шамасында патрульдік полиция экипажына жедел хабар берілген.
Онда кішкентай баланың 9-қабаттағы балконнан құлау қаупі туындағаны айтылған.
«Патрульдік полиция қызметінің инспекторлары Еламан Төлешов пен Нұрбол Бағытов Атырау қаласының «Береке» шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы балконда 2 жасар баланың жалғыз жүргенін анықтады. Осыған байланысты инспекторлар құтқару әрекетіне жедел кірісті. Олар 9-қабатқа эвакуациялауға арналған баспалдақ арқылы көтеріліп, балкондағы баланы құлау қаупінен құтқарып қалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Көпқабатты үй тұрғындарының айтуынша, 2 жасар бала балконнан тұрмыстық заттарды жерге лақтырған. Бұл кезде кішкентай балақай үйінде жалғыз болған.
Атырау қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция қызметінің инспекторлары баланың анасын анықтады. Баласын үйінде жалғыз қалдырған ана – 37 жастағы әйел.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда түн ортасында балконда тұрған 4 жасар бала құтқарылғанын жазған едік.