Атырауда атыста бір адам мерт болып, 2 адам жарақат алды
Оқиға бүгін, 21 қазанда түнде Атырау қаласында болған.
«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына сағат 04:14 шамасында облыстық ауруханадан кеудесінде оқ жарақаты ер адамның мәйіті жеткізілгені туралы хабар түсті. Оқ жарақатынан мерт болған адамның жасы – 21-де. Сонымен қатар ауруханаға 18 және 19 жастағы екі адам оқ жарақатымен жеткізілген. Олар оқ бытырасынан жарақат алған. Қазір екеуі де облыстық ауруханада жатыр», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Атыс Атырау-2 шағын ауданында бір топ жігіттің арасында өзара келіспеушіліктен соң болғаны анықталды. Қақтығысқа қатысқан барлық адам анықталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік-кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын да былтыр Атырауда атыстан 3 адам мерт болып, біреуі ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз.
Кейін Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің ісі сотқа жеткенін жазған едік.