Атырауда бір апта бұрын жоғалған 33 жастағы жігіт шаруа қожалығынан табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда бір апта бұрын жоғалған 33 жастағы жігіт шаруа қожалығынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Із-түзсіз жоғалып кеткен 33 жастағы жігітті іздестіру іс-шарасы үздіксіз жүргізілді. Оны іздестіру Атырау қаласында да, Қызылқоға ауданында да қолға алынды. Іздестіру іс-шарасына Атырау қалалық полиция басқармасы мен Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тартылды. Соның нәтижесінде Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен жігітті Темірбай учаскесіндегі шаруа қожалығынан тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылынан 70 шақырым қашықтықтағы аталған учаскеде қысқы мал азығына қажетті пішен дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері жігіттің аман-есен табылғаны туралы туыстарына хабарлаған. Туыстары іздеу салған жігіттен зорлық-зомбылық белгісі ұшырамағаны, шаруа қожалығына пішен дайындауға өз еркімен келгені анықталған. Ол туыстарымен байланыспауына мобильді телефонында ақауы болғанымен түсіндірген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда із-түзсіз жоғалған 33 жастағы жігіт бір аптадан бері табылмай жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Із-түзсіз жоғалған жігіт 8 тамызда Атырау қаласына келген. Мобильді телефонмен туысына теміржол вокзалы маңында тұрғанын хабарлап, содан кейін байланысқа шықпаған. Сол күннен бері мобильді телефоны өшіп тұрған.

«Полиция қызметкерлері аталған дерекке байланысты жедел іздестіру іс-шарасын бастады. Қазір іздестіру жұмыстары жүріп жатыр», -деп мәлім еткен еді департаменттің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар