Атырауда бүгін таңертең басталған қар осы уақытқа дейін толастамай жауып тұр
Мұндай ерте және мол жауған қарды көнекөз қариялар да естеріне түсіре алмай отыр. Өткен күзде Атырауда алғашқы аяз 12 желтоқсанда тіркеліп, алғашқы қар тек 1 қаңтарда жауды. Бүгін бірнеше сағат ішінде қала толықтай қар астында қалды. Қар еріп, үлкен шалшық сулар пайда бола бастаған жолдарда көлік кептемелері пайда бола бастады. Арнайы техника көшелерде әзірше байқалмайды.
Синоптиктер желдің күші қатайып, түнде ауа температурасы минустық межені көрсетеді деп болжап отыр. Егер болжам расқа шықса, таңертеңге дейін қала көшелерінде мұз тайғақ болады.
Каспий теңізі жағалауында мұз құрсауында қалып, кеше құтқарылып үлгермей қалған балықшыларды қауіпсіз жерге жеткізетін тікұшақтар әуеге көтеріле алмай отыр.
Еске сала кетсек, сәрсенбі, 9 қарашада мұз құрсауынан 64 адам құтқарылған болатын.