Атырауда былтырдан бері 3 мектепті күрделі жөндеу баяу жүріп жатыр

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиында білім беру нысандарын күрделі жөндеу, мектептердің құрылысы мен оқу ордаларындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошевтың мәліметінше, 10 мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр.
«Былтыр 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 2 млрд 145 млн теңге қаралды. Оның үшеуінің жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталған жоқ. Ал, биыл 8 мектеп, 1 балабақша мен «Барыс» клубы күрделі жөндеуден өтеді», - деді Тілекқабыл Байдошев.
Серік Шәпкеновтің пікірінше, мектептердегі күрделі жөндеуді кешіктірген мердігердің жұмысына талдау жүргізілуі қажет. Жұмысты дұрыс атқармайтын мердігерлерді жосықсыз деп тану мәселесін қарастыру керек.
«Мектептерді жөндеуге бөлінген бюджеттің қаражаты қайда кетіп жатыр? Мұны облыстық прокуратура анықтауы қажет. Жұмсалған әр тиынның есебі болуы тиіс. Құрылысы созылған нысан бюджетке салмақ салады. Сондықтан, түрлі сылтау қабылданбайды. Егер мердігер мен жобалаушы мекеменің, не білім басқармасының кінәсі болса, оларға шара қолдану керек», -деді Серік Шәпкенов.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, 37 мектеп салу жоспарланған. Қазір 5 мектеп пайдалануға берілген. Енді басқарманың тапсырысымен 7270 орындық 15 мектептің, ал, 4000 орындық 2 мектептің құрылысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүріп жатыр. Мектептердің қалғаны «Жайлы мектеп» бағдарламасымен бой көтереді.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Жайлы мектеп» жобасымен Атырау облысындағы Сағыз ауылында жаңа білім ордасы салынатынын жазған едік.