Атырауда демалыс күндері базарлар, дәмханалар, сауналар жұмыс істемейді

Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысымен сенбі мен жексенбіде жұмыс істемейтін бірнеше нысан белгілі болды.
Оның ішінде азық-түлік сататын жабық және азық-түліктік емес жабық және ашық базарлар, «Аshyq» жобасына қатысатынына қарамастан сауда үйлері мен сауда-ойын сауық орталықтары, сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар, спорт кешендері, фитнес орталықтар, йога орталықтары, спорттық-сауықтыру, спорт және жаттығу залдары бар. Бұлардың қатарына сауналар, СПА орталықтары мен бассейндер де кіреді.
«Қоғамдық тамақтану объектілеріне, фудкорттарға, соның ішінде жазғы алаңқайларға сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін 20.00-ге дейін (ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 30-дан аспайтын отыратын орын орнатып, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде 2 метр сақталуын, бір үстелде 4 адамнан артық отырғызбауды қамтамасыз етіп) жұмыс жасауға рұқсат етіледі, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынады» -делінген қаулыда.
Ал, азық-түлік сататын ашық базарларға жұмыс күндері және сенбіде сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істеуге рұсат берілген. Тек жексенбіде жұмыс істеуіне тыйым салынған.
Жаңа қаулы 17 шілдеде күшіне енеді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бірнеше нысанның жұмысы тоқтатылатынын жазған едік.