Атырауда екі ай бұрын Жайыққа батқан жасөспірімді іздеу әлі жалғасып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі ай бұрын Жайық өзеніне батқан жасөспірімді іздеу әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, су айдындарында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске анықталған.

«Оның ішінде Атырау қаласында 17, Индер ауданында 10, Махамбетте – 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Қауіпті учаскелерге 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылды. Бірақ соған қарамастан, шомылу кезеңі басталған 15 маусымнан 3 тамызға дейін су айдындарында 8 адам батып кетті. Оның ішінде кәмелетке толмаған 2 бала бар. Ал өткен аптада тағы 1 адам шомылу кезінде жантәсілім етті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Белгілі болғандай 13 маусымда суға батып кеткен ағайынды жасөспірімнің бірі әлі табылмаған. Құтқарушылар оны іздестіруді жалғастырып жатыр.

Бір топ жасөспірім Атырау қаласының маңындағы Геолог елді мекені тұсында Жайық өзеніне шомылуға барған. Жасөспірімдер шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған тұста суға түскен. Алайда 2007 және 2008 жылғы ағайынды жасөспірімдер Жайық өзеніне батып кеткен.

«Ағайынды жасөспірімнің бірінің мүрдесі 16 маусымда судан шығарылды. Оның мүрдесі суға шомылған жерден 20 метр радиуста, 12 метр тереңдіктен табылды. Оның 2008 жылғы жасөспірім екені анықталды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ағайынды жасөспірімдер Жайық өзеніне батып кеткенін жазған едік.

Кейін бірінің денесі табылғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар