Атырауда екі көлік соқтығысып, бір адам мерт болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі көлік соқтығысып, жол апатынан бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы кеше, 22 желтоқсанда болған.

«Атырау қаласындағы З.Қабдолов көшесінің бойында Chevrolet Cobalt пен Lexus көліктері соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы Chevrolet Cobalt көлігін жүргізген жүргізушінің кінәсінен болған. Ол жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Соның салдарынан Сhevrolet Cobalt көлігінде отырған 50 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері облыс аумағында 326 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Жол апатынан 391 адам жарақат алған, 89 жолаушы көз жұмған.

Еске сала кететік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 89 адам мерт болғанын жазған едік.

Кейін Атырау облысында 5 адам мерт болған жол апатына кінәлі жүргізуші сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Жол-көлік оқиғасы 14 қаңтарда Жылыой ауданында тіркелген. «Honda Odyssey» маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатқан С. «ВАЗ-211540» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ваз 211540» маркалы автокөлігіндегі жүргізуші мен 3 жолаушы, «HondaOdyssey» маркалы автокөлігіндегі 1 жолаушы мерт болған.

Жылыой аудандық сотының үкімімен С. ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлігімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.


Фото: Атырау облысы ПД

Соңғы жаңалықтар