Атырауда елордалық дәрігерлер 5 балаға ота жасап, 300-ге жуық кеңес берді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың айтуынша, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының 12 дәрігері Атырауға үш күндік жұмыс сапарымен келген. Елордалық дәрігерлер құрамында неонатологтар, акушер-гинекологтар, кардиологтар, неврологтар секілді мамандар бар.
«Дәрігерлер үш күнде облыстық балалар ауруханасында, облыстық перинаталдық орталықта, қалалық перзентханада, облыстық аурухана мен облыстық кардиология орталығында 300-ге жуық кеңес берді. Науқас балаларға 5 ота жасады. Тағы 15 бала ота жасатуға жолдама алды. Облыстық балалар ауруханасының базасында кардиологиялық сырқатқа шалдыққан 22 науқас қаралды. Тексеру нәтижесімен 6 пациентті ұлттық кардиология орталығына емделуге жіберу жоспарланып отыр. Оның біреуіне ота, ал, 5-еуіне жедел ем алу қажет. Сондай-ақ, 3 пациент амбулаторлық тексеруге шақырылды. Ал, 1 науқас шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жатқызылды» - дейді Асхан Байдуәлиев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда елордалық білікті дәрігерлер бес балаға ота жасағанын хабарлаған едік.