Атырауда ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде өткен ережесіз жекпе-жектен «Eagle FC 51» халықаралық кәсіпқой турниріне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей спортшылары қатысты. Турнирде жалпы саны 15, оның ішінде үш титулдық жекпе-жек өтті.

Мәселен, ресейлік спортшылар Ренат Хавалов пен Ренат Ондар титулдық кездесуде 5 раундқа дейін тең түсті. Соңғы раундта Р. Хавалов өзінің чемпиондық белбеуін сәтті қорғап қалды.

«Еagle FC 51» арнайы чемпиондық белдігі үшін басты жекпе-жек ресейлік спортшылар Денис Измоденов пен Имам Шафи Мухтаров арасында өрбіді. Тартысты айқас нәтижесінде Д.Измоденов қарсыласын 5-раундта жеңіп, «Eagle FC 51» тұжырымдамасының орта салмақтағы чемпионы атанды.

«Турнирді ұйымдастыруға атсалысқан облыс әкіміне, Атырау жұртшылығына айтар алғысым шексіз. Адамның өмірінде біріншіден, тәрбие, екіншіден, білім, үшіншіден спорттық бабы болуы керек. Егер осы үшеуінің басын біріктіре алатын буын тәрбиелесек, біздің жолымыздың болғаны», - деді UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов.

«Eagle FC 51» халықаралық турнирінде Атырау облысынан үш спортшы қатысты. Оның бірі Фархат Қожантаев бірінші раундта техникалық нокаутпен, Әділбек Қайырғали екінші раундта гильотина әдісімен, ал Нұрбек Отар екінші раундта техникалық раундпен жеңіске жетті.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов атыраулық жанкүйерлерімен кездескенін жазған едік.