Атырауда есірткі тасымалдаған 30 жастағы күдікті қамауға алынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда есірткі тасымалдаған 30 жастағы күдікті қамауға алынды. Күдіктіден есірткі мен тапанша тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда есірткі тасымалдаған 30 жастағы күдікті қамауға алынды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, есірткі тасымалдаған күдікті кешен, 8 мамыр күні сағат 16:40 шамасында ұсталған.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Атырау қаласындағы көшелердің бірінде есірткі тасымалдаумен айналысқан 1993 жылғы тұрғынды ұстады. Күдіктіден 4 дана политилен пакетке оралған синтетикалық есірткіге ұқсас ұнтақ пен тапанша тәркіленді. Оның тұрақты мекен-жайын тінту кезінде политилен пакетке салынған ұнтақ пен ас үйінен кептірілген есірткі тектес өсімдік табылды. Тәркіленген айғақ заттарға сараптама тағайындалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленгенін жазған едік.

Полицейлер 2021 жылдан бері заңсыз айналымнан 18 мыңнан астам психотропты дәрі-дәрмектерді тәркілеген. Мәселен, сол жылы 9 адам ұсталып, олардан 5 135 дана трамадол, трапикомед дәрі-дәрмектері алынған.

Ал, былтыр ұсталған 17 адамнан 7 800 дана трамадол, трапикомид, лирика дәрілері тәркіленіп отыр. Биылғы жыл басынан бері осындай құқық бұзушылық үшін 9 ұсталып олардан 3596 дана тарамадол, тропикамед, сомнол, алис дәрі-дәрмектері тәркіленді.

Атырау облысында заңсыз айналымнан 60 келіден астам есірткі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.

Департамент бастығы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, биылғы жыл басынан тіркелген бұл санаттағы қылмыстардың ішінде 8 дерек Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Семей Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нигерия, Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан келген тұлғалар тарапынан жасалып отыр. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 60 келіден астам есірткі тәркіленген.