Атырауда есірткіге елітіп, рульге отырған жігіт жүргізуші куәлігінен айырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда есірткі тұтынып, рульге отырған жігіт көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда есірткіге елітіп, рульге отырған жігіт жүргізуші куәлігінен айырылды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, есірткі шеккен жүргізуші 18 ақпанда ұсталған.

«Патрульдік полиция қызметкерлері түнгі сағат 01:48 шамасында Атырау қаласындағы Азаттық-Темірханов көшелерінің «Toyota Windom» автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізген. Күдік тудырған 34 жастағы жүргізуші Атырау қалалық медициналық сараптамаға жеткізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің «Каннабиноид» есірткісін тұтынып, масаң күйде екені анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Сот шешімімен есірткіге еліткен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, ол 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мас күйде рульге отырған шетелдік 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.