Атырауда Футбол орталығы ашылды

АТЫРАУ. 18 сәуір. КазАқпарат - 2012-2022 жылдарға арналған балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасына орай Қазақстанның футбол федерациясы ағымдағы жылдан бастап аймақтарда футбол орталықтарын ашуға кіріскені белгілі. Аталған орталық облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің және ҚР Футбол федерациясының қолдауымен «Атырау» футбол клубы жанынан ашылды.
None
None

«Футбол - бүгін әлемдік деңгейде дамыған, Атырауда да мыңдаған жанкүйері бар ерекше спорт түрі», - деді Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева .

«Атырау» футбол командасы Ел біріншілігіне тұрақты қатысып келеді. Бір жылдары команда үлкен жетістіктерге де жеткені белгілі. Команда құрамының басым бөлігін өзге елдерден келген ойыншылар құрайтыны жасырын емес. Сондықтан, біздер қазірден бастап жергілікті жерден футболшыларды дайындауымыз қажет. Футбол орталығының түпкі мақсаты - осы», - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Еліміз бойынша бұл орталық Атырауда тоғызыншы болып ашылып отыр. Айта кетсек, аталған орталық ақпан айынан бастап жұмысқа кірісіп кетті. Орталық жұмысын бастағалы бері материалдық-техникалық базаны жасақтап, дайындық топтарына 10-18 жас аралығындағы жас футболшылар жинақталып, жас ерекшеліктеріне сай 11 топ құрылды. Облыс басшыларының қолдауымен орталық оқыту жұмыстарын «Судоремонтник» және «ҚазТрансОйл» стадиондарында жүргізеді. Жас футболшылар қажетті жабдықтармен, алаңдарымен және қажетті киімдермен толықтай қамтылған. ҚР Футбол федерациясының спорт жөніндегі директорының орынбасары Қанат Мұсатаевтың айтуынша, 250-ден астам жас ойыншы орталықта тегін жаттығады. Ал, жаттықтырушылардың барлығы да - жергілікті білікті мамандар.

Орталық енді балаларды қабылдауда. Іріктеуде балалардың қабілеттеріне ерекше көңіл бөлінбек. Орталықтың ашылу салтанатына жиналған жұртшылық оның жұмысына сәттілік тілеп тарқасты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум