12:46, 15 Тамыз 2023 | GMT +5
Атырауда із-түзсіз жоғалған 33 жастағы жігіт бір аптадан бері табылмай жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда із-түзсіз жоғалған 33 жастағы жігіт бір аптадан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жоғалған жігіт Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылынан Атырау қаласына келген. Алайда 8 тамыздан бері қайда жүргені белгісіз болып отыр. Ол сол күні телефон шалған туысына теміржол стансасы маңында тұрғанын айтқан. Сол күннен бері із-түзсіз жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен. Туыстарының айтуынша, 8 тамыздан бері мобильді телефоны өшіп тұр. Әзірге жоғалған жігіттен еш дерек жоқ. «Полиция қызметкерлері аталған дерекке байланысты жедел іздестіру іс-шарасын бастады. Қазір іздестіру жұмыстары жүріп жатыр», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тыйым салынған жерде шомылған ер адам Жайыққа батып кеткені туралы жазған болатынбыз. Атырау қаласына таяу орналасқан Талқайраң ауылының тұсында 58 жастағы ер адам Жайық өзеніне шомылған. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оның арнайы жабдықталмаған, тыйым салынған жерде суға түскенін анықтады. Құтқарушылар суасты іздестіру жұмысын жүргізіп, суға батқан адамның денесін 2 сағаттан соң тапты. «Биыл жыл басынан бері Атырау облысының су айдындарында 11 адам суға батып кетті. Оның ішінде кәмелетке толмаған 3 бала бар. Құтқарушылар су айдындарынан 6 адамды құтқарып қалды. Құтқарылғандардың біреуі – бала», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
