Атырауда қаңтар оқиғасында ұрланған оқ-дәрілер Жайық жағасынан табылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған оқ-дәрілер Жайық өзенінің жағасынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тергеу изоляторында отырған қаңтар оқиғасына қатысқан күдіктінің бірі тергеушіге оқ-дәрілердің сақталған орны туралы айтуға шешім қабылдаған.

«Осыған байланысты өңірлік департаментке қарасты №75 мекеме қызметкерлері Атырау облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарма қызметкерлерімен бірлесіп, жедел іздестіру іс-шарасын өткізді. Соның нәтижесінде Жайық өзенінің Атырау қаласындағы «Балықшы» шағын ауданы тұсындағы жағасынан оқ-дәрілері көмілген орынды анықтады. Оқ-дәрілер полиэтилен пакетке салынған. Пакеттің ішінде дыбыс шығаратын 12 граната, «Fiacah 410 mag» мылтығын оқтауға арналған 6 патрон, сондай-ақ, 5,45 миллиметр калибрлі 119 патрон табылды», - деп хабарлады Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын қаңтар оқиғасына қатысқан 27 атыраулықтың ісіне қатысты сот 19 қыркүйекте басталған еді.

Кейін Қаңтар оқиғасына қатысқан атыраулықтың бірі тергеу изоляторына қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Сотталушының бірі 3 қазанға тағайындалған басты сот отырысына келмеген. Алайда, сот отырысына келмеу себебін хабарламаған. Сот отырысы хатшысының және адвокатының бірнеше рет шалған қоңырауына жауап бермеген. Ал, 3 қазандағы наркологиялық анықтамаға сәйкес сотталушының масаң күйде екені анықталған. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сол күні сотталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға қаулы шығарды.

Соңғы жаңалықтар