Атырауда қаржы пирамидасын құру күдігімен екі компанияға қатысты тергеу жүріп жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің дөңгелек үстелде мәлім еткеніндей, жыл басынан бері қаржы пирамидасын құруға байланысты 3 дерек тіркелген.
«Тұрғындарды алдап-арбаудың алдын алу үшін мониторинг жүргізіледі. Мониторингтің нәтижесінде биылғы бес айда 3 дерек әшкереленді. Қазір «Chia Tai Tianging» және «InCruises» ЖШС-ға қатысты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету дерегімен қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр», - деп хабарлады Бекболат Әнесов.
Оның айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай-ақ, сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімін (t.me/afm_rk) жариялаған.
«Облыс тұрғындары мен қонақтарынан туысқандары, не жақын таныстары қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шексе, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлау сұралады. Азаматтарды қырағы болуға және ақшалай жинағын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз», - деп мәлім етті Бекболат Әнесов.