Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 900, тұрғын үймен қамтуға 44 млрд теңге бөлінді

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үймен қамту мәселелерін талқылады.
«Еліміздің ең маңызды стратегиялық мақсатының бірі – кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдау, бизнес-климатты үнемі жақсарту. Осы орайда Атырау облысын дамытуға бағытталған жобаларды қолдауға әркез дайынбыз. Облыста холдингпен бірлесе атқарылып жатқан игі істер бар. Алдағы уақытта бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр», -деді Серік Шәпкенов.
Жиында Атырау облысының даму келешегі, инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері, холдингтің қолдауымен бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Оның ішінде «KPI Inc.» ЖШС-нің мұнай кластерін одан әрі дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында субсидиялау үшін қаржы бөлу, агроөнеркәсіпті дамыту, тұрғын үй кешенін салу мәселелері бар.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық 2023-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына» сәйкес, кәсіпкерлікті дамытуға 900 млрд теңге бөлген. Ал, тұрғындарды тұрғын үймен қамтуға бөлінген қаржы көлемі 44 млрд теңгеден асады.
«Атырау облысындағы шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ал, агроөнеркәсіпті дамыту шараларын қолдауға қажетті қаржыны жергілікті атқарушы орган мен аграрлық несие корпорациясы бірлесе бөліп, ортақ жауапкершілік алу қажеттігін атап өткім келеді. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобалар әлі жалғасады», - деді Қанат Шарлапаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау прокурорлары 365 кәсіпкердің құқығын қорғап, 11 млн теңгесін қайтарғанын жазған едік.