Атырауда қайтыс болған сарбаз менингококк инфекциясын жұқтырмаған - дәрігерлер

«Павлодар облысының Ақсу қаласынан шақырылған 19 жастағы мерзімді әскери қызметші туберкулез менингитінен қайтыс болған. Әскери қызметкердің ауруы менингококты инфекция секілді жұқпалы аурулар қатарына жатпайды, ауа және тамшылар арқылы жұқпайды. Науқастың өкпесін флюорографиядан өткізу кезінде оның өкпесі таза болып шықты, сондықтан да онымен бірге қызмет етіп жүргендерге жұқпаған», - деп мәлімдеді Атырау облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Саин Шомиров.
Оның сөзіне қарағанда, менингококк инфекциясы өте қарқынды әрі жылдам өтеді, ал туберкулез менингитінен ми мен жұлын сұйықтығының науқастануы созылмалы түрде болады.
Еске сала кетейік, Атырауда туберкулезге қарсы күрес диспансерінде емделіп жатқан сарбаз қайтыс болғандығы хабарланған еді.