Атырауда кірістер басқармасы кәсіпкерден 42 млн теңгені заңсыз өндіріп алған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша депратаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, серіктестіктің бірінің басшысынан шағым түскен.
«Серіктестік басшысы басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін ЖШС шотынан 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының заңсыз әрекетіне шағымданды. Іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болмаған. Шенеуніктердің заңсыз әрекетінің нәтижесінде кәсіпкер 42 қызметкерге жалақы, салық төлей алмаған. Келісімшарт міндеттемелерін орындай алмағаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған орай жергілікті Антикор қызметі мемлекеттік кірістер департаменті мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесу ұйымдастырды.
Кездесудің нәтижесінде заңсыз алынған қаражатты қайтару жөнінде оң шешім қабылданды. Қазір кәсіпкерге қаражатты қайтару рәсімі жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге 5,4 млн теңге депозитін қайтармағанын хабарлаған едік.
Жергілікті кәсіпкер биылғы ақпанда Қытайдан кедендік декларациялау рәсімінен өткен тауар сатып алған.
Салық органының қызметкерлері тауардың құны мен барлық құжаттарды одан әрі тексеру үшін 5 млн 802 мың 717 теңге мөлшерінде депозит енгізу туралы талап берген.
Бұл қаржының 357 423,42 теңгесі бюджетке аударылған.
«Депозит енгізілгеннен кейін мемлекеттік кірістер комитеті басқа құн бойынша баж және қосымша құн салығын қосымша төлеу қажеттігі туралы шешім шығарған. Кәсіпкер келісіп, қарыз сомасын төлеп, депозиттің қалған сомасын қайтару туралы өтініш жолдаған. Алайда, 2 аптадан астам уақыт ішінде 5,4 млн теңге депозитін қайтара алмаған» -деп мәлім еткен еді ведомостводан.