Атырауда кішкентай балақайдың денесі балабақшадан көгеріп келген

Атырау қаласының тұрғыны Гүлдей Бисекенқызының баласының балабақшаға барғанына екі апта болған. Ал, 4 тамызда балабақшадан арқасы көгеріп келген.
«Үйге келіп, киімін шешкенде арқасын көріп, жүрегім ұшты. Бірден балабақшаға барамын деп тәрбиешісіне, директорына жаздым. Директор балабақшаға орналасар кезде камера барын айтқан еді. Егер бір нәрсе болған жағдайда камераны қарай аласыздар дегені бар. Директор, тәрбиеші, күтуші, массажист апай бар, бәріміз сөйлестік. Енді камера өшіп қалғанын айтып отыр. Директор тәрбиешіні жақтап, күтушіге ығыстырып отыр. Басты жауапкершілік тәрбиешіде емес пе? Камера өшір қалғанына кім жауапты? Барлық филиалында камераның жұмыс жасап тұрғанын күнделікті тексеріп отыратын жауапты қызметкер болуы керек емес пе? Жұмыстарына салғырт қарау ғой бұл», -деп жазды әлеуметтік желіде Гүлдей Бисекенқызы.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев аталған жайттың бақылауға алынғанын хабарлады.
«Атыраудағы «Зейнеп Әмина» балабақшасындағы жағдайға байланысты мәселенің тиісті орындар бақылауында екендігін айтқым келеді. Қазіргі уақытта жағдайды жан-жақты зерделеу бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасы, Атырау қалалық білім бөліміне тапсырмалар бердім. Бала құқығы және қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Сондықтан, баламен жұмыс жасайтын кез келген орталық ең алдымен жауапкершілікті сезінуі тиіс», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының екі тәрбиешісі тәрбиеленушілерді ұрғанын хабарлаған болатынбыз.