Атырауда көлік аударылып, жүргізуші мен екі жолаушы ауруханаға түсті

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 11 қарашада жергілікті уақытпен сағат 07:30 шамасында болған.
«Атырау шаһарынан Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласына бағыт алған күре жолдың 14-шақырымында Toyota Fortuner маркалы көлік аударылды. Полиция қызметкерлерінің тексеруінің нәтижесінде бұл көліктің рульінде болған 1981 жылғы жүргізушінің басқару жүйесін иегере алмай, жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жүргізуші мен көлік салонында отырған екі жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен үш адам жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында көлік апатынан 14 жастағы жүргізуші
мерт болып, тағы 4 жасөспірім ауруханаға түскенін хабарлаған едік.
Құрманғазы ауданындағы Жасталап ауылының тұсында Toyota Corolla автокөлігі жол жиегіне аударылған.
Апатқа ұшыраған көлікті ата-анасының рұқсатынсыз айдап кеткен 2008 жылғы жасөспірім оқиға орнында мерт болды.
Онымен бірге көлікте болған 2007 жылы туған 4 жасөспірім түрлі дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлімдеме жасаған болатын.