Атырауда көлікті мас күйде басқарған 15 жүргізуші бас бостандығынан айырылған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында көлікті мас күйде басқарған 15 жүргізуші бас бостандығынан айырылды. Оның ішінде екі әйел бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әнуарбек Төрәлінің айтуынша, бас бостандығынан айырылған жүргізушілердің бәрі бұған дейін көлікті мас күйде жүргізген. Сол себептен, олар жүргізуші куәлігінен айырылған.

«Биылғы жыл басынан бері біздің басқарманың қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодекстің 346-бабымен 15 қылмыстық істі тергеді. Бұрын мас күйде көлікті басқарып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғандардың тағы да мас күйде көлік тізгіндеп жүргені анықталды. Бұрынғы әрекетін қайталағаны үшін айыппұл төлеймін деп ойлаған құқық бұзушылардың әрекеті қылмыстық сотта қаралды. Аталған фактілер бойынша барлық заң бұзушыға 6 ай мен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бас бостандығынан айырылған 15 жүргізушінің арасында 2 әйел бар», -дейді Әнуарбек Төрәлі.

Оның пікірінше, мас жүргізушілердің басым бөлігі көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамақ немесе айыппұл көзделген деп есептейді. Алайда, бұл құқық бұзушылық екінші мәрте қайталанғанда, сотқа дейінгі қылмыстық іс тергеледі.

«Мас күйде көлік екінші мәрте басқардарға сот шешімімен жаза тағайындалады. Сондықтан, ең алдымен мас күйде көлік тізгіндеу жол-көлік оқиғасына себеп болатынын, жол қозғалысы қатысушыларының денсаулығына қауіп төндіретінін ескерген абзал», -деді Әнуарбек Төрәлі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткі шегіп, көлік жүргізген жігіт полициядан қашпақ болғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар