Атырауда көмірқышқыл газын нормадан артық шығарған компанияға айыппұл салынды

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 329-бабымен (Парниктік газдар шығарындыларына квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асып кету) қозғалған.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде облыстық экология департаментінің «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
«Тексеру кезінде 2021 жылғы парниктік газдар шығындыларын түгендеу жөніндегі есептіліктің нәтижесімен көмірқышқыл газының (СО2) шығарындысы белгіленген шегі 20 мың тоннадан (есепте 35 482 тонна) асқан. Әрі қарай, уәкілетті мемлекеттік органмен парниктік газдар шығарындылары квотасының көлемін 35 482 тонна мөлшерінде келісілген. Алайда, 2021 жылғы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы бастапқы деректерді пайдалана отырып, есептеулер жүргізу кезінде СО2 шығарындыларының нақты көлемі 743 105, 874 тоннаны құрайтыны анықталған», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС көміртегі квотасының белгіленген көлемінен айтарлықтай асырып, квоталанатын қондырғыны пайдалануды жүзеге асырған.
Сот қаулысымен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ға 7 224 485 941 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында табиғатты ластаушылардан 104 млн теңге айыппұл өндірілгенін жазған едік.