Атырауда көп мақсаттағы фоторадар кешендерінің орналасу нүктелері өзгертіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласындағы көп мақсаттағы фоторадар кешендерінің орналасу нүктелері өзгертіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда көп мақсаттағы фоторадар кешендерінің орналасу нүктелері өзгертіледі

«Зерделеу жұмыстарының нәтижесімен қаладағы жол апаттары жиі орын алатын аумақтар белгіленген. Көлік жылдамдығын асыратын  жүргізушілерді тәртіпке шақыру  үшін автоматты тіркейтін фоторадарларды қажетіне қарай «қауіпті аймақтарға» орналастыру қолға алынбақ. Қалада жалпы саны 17 жаңа құрылғы жұмыс жасайтын болады. Бұған дейін  қолданыста болған 11 аталмыш құрал көмегімен 11555 жылдамдықты асыру фактілері тіркелген», - дейді ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Досай Жұпқалиев.

Айта кету керек, қазір облыс орталығында 6 жерде, яғни Досмұхамедов (бұрынғы Московский), Владимирский, Молдағұлова  көшелері бойында, «Ардагер»  ықшамауданы тұсында жəне қалған екеуі - Геолог кентіне жаңа фото құрылғыларды орнату жұмыстары басталды. Орналастыру жұмыстары ІІД техникалық қызмет тобының күшімен жүзеге асырылуда.