Атырауда коронавирус жұқтырған 24 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда инфекциялық стационардың жансақтау бөлімінде 24 науқас жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтың мәліметінше, Атырауда соңғы үш күнде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 35,9%-ға өскен.

Мәселен, 28 маусымда қауіпті вирусты 66 адам жұқтырған. Ал, кеше, 1 шілдеде 103 жағдай анықталған.

«Қазір өңірде 2 098 төсектік 10 инфекциялық стационар дайындалды. Оның ішінде Атырау қаласында 460 төсек-орны бар 3 стационар, Теңіз кен орнында 1 360 төсек-орындық стационар, 7 ауданда 278 төсек-орынға арналған стационар жұмыс істейді. Ал, реанимациялық төсек-орын саны – 81. Бұған қоса, 750 төсек-орындық қосымша резервтік инфекциялық стационар дайын тұр» -дейді Қайсар Абдалиев.

Оның айтуынша, облыстағы инфекциялық стационарларда 437 пациент ем алып жатыр. Стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 20,8% -ды құрап отыр.

«Модульдік аурухана науқастарға 90%-ға толды. Жансақтау бөлімінде 24 пациент жатыр. Оның 20-сының жағдайы ауыр халде. Жағдайы өте ауыр 4 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған» - деді Қайсар Абдалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда коронавирус жұқтырған 385 адам оқшауланғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар