Атырауда ҚР Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

АСТАНА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалығымен аталған ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
None
None

Жиында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстардың қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.
Бұл ақпаратты Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратып отыр. Ведомствоның атап өтуінше, алқа жұмысына Бас прокурордың орынбасарлары, Бас әскери прокурор, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар қатысқан.

Өткен кезеңде прокуратура органдарының жұмысы Мемлекет басшысының ішкі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді нығайтуға, ұлттық қауіпсіздікті арттыруға, азаматтық және кәсіпкерлік құқықтарды қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған нұсқаулары мен бағдарламалық құжаттарына сәйкес жүргізілді.

«Прокурорлар қабылдаған шаралар нәтижесінде 500 мыңнан астам адамдардың, 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің конституциялық құқықтары қорғалып, қылмыстық істерді қозғау, тоқтату және қысқарту туралы 5 мыңнан астам заңсыз қаулылардың күші жойылды. Прокурорлардың араласуынан кейін 5 миллиард теңгеге жуық жалақы бойынша берешек төленіп, 30 миллиардтан астам сомадағы зиян өтелді. Сондай-ақ 15 мыңға жуық заңсыз құқықтық актілердің күші жойылып, өзгертілді, мыңнан астам сот шешімдері мен үкімдері заңға сәйкес келтірілді», делінген баспасөз хабарламасында.

БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің және ЕҚЫҰ-ның ұсыныстарын ескере келе, Бас прокуратура құрылымында Қылмыстық жаза орындалатын мекемелерде және қамауда ұсталатын тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау жөніндегі департамент құрылды. Сондай-ақ келіп түсетін ақпаратқа жедел талдауды жүзеге асырумен айналысатын Жағдаят орталығы құрылды.

Алдағы уақытта, әсіресе жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту, жалақыны төлемеу және төлеуді кешіктіру жағдайларында азаматтардың еңбек құқықтарын сақталуын қадағалау прокуратура органдары қызметінің басым бағыты ретінде қалады. Дағдарыс салдарын барынша азайтуға, сондай-ақ автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге, әлеуметтік және басқада нысандарға мемлекет бөлген қаражатты жұмсау заңдылығына тиімді қадағалауды одан әрі қамтамасыз ету ерекше орын алады.

Алдағы уақытта барлық республика аумағында «Өтініштерді есепке алу электронды кітапшасына» қылмыстар туралы хабарламаларды тіркеудің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Бұл қылмыстар туралы хабарламаларды толық тіркеуді және оларға қатысты заңды шешімдерді уақтылы қабылдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады.

«Жалпы прокуратура органдарының 2010 жылдың екінші жартыжылдығындағы қызметі профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, қылмыстың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың, жұртшылық пен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін жоғары, тиімді қорғауға бағытталатын болады», деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар