Атырауда Құрбан айтта 14 киіз үй тігіліп, 10 мың балаға сыйлық беріледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Құрбан айт мерекесінде 14 киіз үй тігіліп, 10 мың балаға сыйлық беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, ертең, 28 маусымда Құрбан айт мейрамының алғашқы күні кең ауқымда аталып өтеді.

«Қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін нығайтып, өзара бауырластықты арттырады. Айт күндері шамасы жеткен адам құрбандық шалады. Биыл Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет орталық алаңында Құрбан айт мерекесіне орай 14 киіз үй тігіледі. Жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Тұрғындар айтыскерлер мен күйшілердің өнерін тамашалайды», - деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Атырау облысында айт намазы жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:30-да оқылады. Содан соң бұқаралық сипаттағы ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған.

«Құрбан айт мейрамына орай өңірдегі мешіттер 10 мың балаға арнайы сыйлық үлестіреді. Ниет етіп, шалынған құрбан малының еті әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы отбасыларға таратылады», - деп мәлім етті А. Ұтысханұлы.

Бас имамның дерегіне сүйенсек, мереке күндері Атырау қаласындағы Көкарна елді мекені мен «Сарықамыс» шағынауданында, «Атырау-Доссор» бағытында қатынайтын тасжолдың бойындағы «Жұлдыз» және «Бірлік» шағынаудандарының қиылысындағы арнайы орында мал сатылады. Ал құрбандыққа шалынатын мал «Адал», «Асыл-Агро», «Тума базары» мал базарларында, «Атырау ет орталығы» мен «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігінің алаңында сойылады.

Еске сала кетелік, өткен жылы Атырауда Құрбан айттың бірінші күні қой бағасы 120 мың теңгеге дейін көтерілген болатын.


Соңғы жаңалықтар