Атырауда қызылша табылған мектепте кей сыныптар онлайн оқиды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 3 оқушы қызылша жұқтырды. Осыған байланыс олар оқитын сыныптар онлайнға көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасованың мәліметінше, қызылша жұқтырған 3 оқушы Жаңаталап ауылындағы мектепте оқиды.

«Жаңаталап ауылының Жамбыл атындағы орта мектебінің 5-сыныбынан 1, 3-сыныбындағы 2 оқушы қызылша жұқтырған. Осыған байланысты 3-сынып пен 5-сыныптың оқушыларын 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында қашықтықтан оқыту форматына көшіруге шешім қабылдадық. Өйткені, сол сыныптардың кабинетіне дизенфекция мен тазалық жұмыстары жүргізілуі керек», - деді Гүлнар Сәдуақасова.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың дерегіне сүйенсек, 2 наурыз – 24 сәуір аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 15 жағдай тіркелген.

«Оның ішінде 6 адамнан қызылша ауруы зертханалық жолмен дәлелденді. Ал, 4 жағдай бойынша зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді. Енді 5 жағдайға байланысты зерттеу қорытындысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса науқастармен қарым-қатынаста болған 216 адам медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 7 адамға қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілді. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр», - деп мәлі етті Мәдениет Танауов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында соңғы төрт жылда алғаш рет қызылша жұқтырғандар тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның айтуынша, қызылшамен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер ауырған.

«Атырау облысында қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Төрт жылдан кейін биылғы наурыз айында аталған аурудың 4 жағдайы тіркелді. Алғашқы жағдай бізге шет елден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген», -деді Айнагүл Сәрсенғалиева.


Соңғы жаңалықтар