02:15, 14 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Атырауда мемлекеттік қызметшілерге іссапар үшін 27 млн теңге кешіктіріліп төленген
Атырауда мемлекеттік қызметшілерге іссапар үшін 27 млн теңге кешіктіріліп төленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтің айтуынша, іссапарларға шыққан қызметкерлердің кепілдіктері мен өтемақыларының, еңбек демалысын беру кезіндегі құқықтарының сақталуына талдау жүргізілген.
«Талдауға сәйкес іссапарға жіберуге қатысты 57, еңбек демалыстарын беру бойынша 143 заң бұзушылықты анықталды. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер іссапарының шығындарына 27 млн 335 мың 260 теңге көлеміндегі қаражат мерзімдерді бұза отырып төленген. Мемлекеттік қызметшілерге тәулікақыларының тиісті сомадан 2 есе аз мөлшерде төленгені анықталып отыр. Атырау қалалық, Жылыой аудандық әкімдіктері мен өзге де мемлекеттік органдар тұрғын үй-жайды жалдау шығына қаржыны артық төлегені белгілі болды. Сол себептен, 685 мың теңге мөлшерінде артық төленген қаржы мемлекет бюджетіне қайтарылды», -деп хабарлады Ерлан Ермаханбетов.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер меншік құқығымен тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге тиіс.
«Мемлекеттік қызметшілер кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес. Мемлекеттік қызметші өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Алайда, жүргізілген талдау қорытындысымен 5 мемлекеттік әкімшілік қызметшінің аталған заң талабын бұзғаны анықталды», - дейді Ерлан Ермаханбетов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Алмас Көпжанов Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасына басшы болғанын жазған едік.