Атырауда монополист кәсіпорын 99 кәсіпкерге 739 млн теңге қарыз болған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда монополист кәсіпорын 99 кәсіпкерге 739 млн теңге қарыз болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың айтуынша, кәсіпкерлерден 25-ке жуық шағым түскен.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Жыл басынан бері 250 кәсіпкерден 25-ке жуық өтініш түсті. Шағымға байланысты қабылданған шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деректері жойылып, 180-ге жуық кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. Департаменттің ұсынысымен 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Ерұлан Серікқалиев.

Оның дерегіне сүйенсек, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 99 кәсіпкерлік субъектісіне 739 млн қарыз екені анықталған. Бұл – көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін төленбеген қаржы.

«Осыған байланысты департамент пен әкімдік тиісті шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектісіне 587 млн теңге төленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды», - деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.

Кедергіге тап болған кәсіпкерлерден күн сайын шағым түскен. Сол себептен, кәсіпкерлер үшін жаднамалар әзірленген.

«Мәселен, 43 кәсіпкер «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына, «Құрманғазы», «Исатай» кредиттік серіктестіктеріне берешегін толығымен өтеген. Алайда, кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, кепілдегі мүлікке құқық белгілейтін құжаттары қайтарылмаған. Құжаттарды қайтарудан бас тартудың себебі – филиал мен серіктестіктерге 12 жосықсыз кәсіпкерлік субъектісінің ортақ жауапкершілікке байланысты берешегі. Департамент қызметкерлерінің араласуынан кейін филиал басшылығы оң шешім қабылдады. Кәсіпкерлерге құқық белгілейтін құжаттарды қайтару жүргізіліп жатыр», - деді Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында кедергіге тап болған кәсіпкерлер Антикорға шағымданғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар