Атырауда оқушыларды тасымалдайтын 23 автобус сатып алуға 1,1 млрд теңге бөлінген

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, жаңа оқу жылында 143 мың оқушы мектепке келеді. Биыл білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 млрд 544 млн 527 мың теңге бөлінген.
«Өткен жылы оқушыларды 49 автокөлік тегін тасымалдады. Енді жаңа оқу жылында 60 елдімекендегі 4 561 оқушыны тасымалдау жоспарланып отыр. Қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Көліктер қыркүйек айында оқушыларды тасымалдауды бастайды. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1 676 370,0 мың теңге қаралды», - дейді Серік Шәпкенов.
Әкімнің айтуынша, оқулықтар 25 тамызға дейін толықтай жеткізіледі.
«Облыстағы түпкілікті шешілген мәселелердің бірі – 1-4 сынып оқушыларын толық, 5-11 сыныптағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен қамту. Аталған шара жаңа оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Биыл 21 мектепте интернет жылдамдығын арттыру жоспарланып, 108 332,1 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде секундына 20 Мбит және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,3% болады», - деп мәлім етті Серік Шәпкенов.
Биыл Атырау облысында 25 мектепті жаңғырту көзделген. Қазір 5 мектептегі жұмыс толық аяқталған. Ал 20 мектепті жаңғырту бірнеше бағытта жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы мектептерде спорт залы мен асхана жоқ екенін хабарлаған едік.