Атырауда реновациядан өтетін 237 үйдің 70 пайызы құрылыс нормаларына сәйкес келмейді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда реновациядан өтетін 237 үйдің 70 пайызы құрылыс нормаларына сәйкес келмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауидың мәліметінше, 237 ескі үйді реновациядан өткізу жоспарланған. Онда 3 674 пәтер орналасқан.
«Мұнайлы шаһардағы тозығы жеткен, ескі тұрғын үй қоры реновацияға жататын күрделі әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылып отыр. Ескі үйлер қаладағы М.Баймұханов, М.Әуезов, С.Датов көшелері мен Азаттық даңғылында орналасқан. Мұндай тұрғын үйлердің 70%-дан астамы құрылыс нормалары мен ережелеріне, санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сол себептен, 2011-2020 жылдарға арналған Атырау қаласындағы жаңғырту бағдарламасы аясында жалпы ауданы 610 787,3 шаршы метрді құрайтын 149 үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Ал, 2012-2021 жылдары Атырау қаласының аумағындағы жалпы ауданы 34 069 шаршы метрлік 37 үй бұзылды. Ескі үйлерді мекен еткен 1 356 отбасы жалпы ауданы 39 700 шаршы метр болатын жаңа пәтерлерге көшірілді», -дейді Мейірім Қалауи.
Қала әкімінің айтуынша, биыл терможаңғырту жобасымен көпқабатты 27 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
Осы кезге дейін 15 үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Жыл соңына дейін тағы 12 үйді күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алдағы бес жылда көпқабатты 237 ескі үй реновациядан өтетінін жазған едік.